Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің даму бағытын айқындайтын бірқатар маңызды бастамаларды жария етті. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдау-еліміздің жаңа технологиялық кезеңге қадам басқанын білдіретін айқын бағдар болды. Қазақстанның болашағы – технологиялық өрлеумен байланысты. Сондықтан Президент үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Қазақстанның ұлттық идеясы орнығып, бәсекеге қабілеттілік, дамудың озық тұжырымдамалары қалыптасты. Биылғы Жолдауда ерекше назар аударылған салалардың бірі – білім. Президент жасанды интеллектіні меңгеру мектеп қабырғасынан басталуы қажет екенін нақты атап өтті. Бұл – біз үшін ғана емес, ұрпақтың болашағы үшін де тарихи шешім. Арнайы оқу бағдарламалары мен оқу материалдарының әзірленуі, ұстаздардың AI дағдыларын қалыптастыруы – еліміздің білім жүйесін түбегейлі жаңартуға жасалған нақты қадам. «Qazaq Digital Mektebi» үлгісінің қолға алынуы ауылдағы оқушыларға да сапалы білім алуға тең мүмкіндік беретінін қуана қолдаймын. Бүкіл әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделеді. Соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше. Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. Президент Жолдауында айтылғандай, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталады.Біздің мектеп те осы жобаның бір бөлшегі ретінде «Келешек мектептері - шексіз мүмкіндіктер» концепциясын негізге ала отырып , оқушы бойында XXІ ғасыр дағдыларын қалыптастыру бағытында нәтижелі жұмыс жасауда. Баршамызға белгілі, цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алудамыз.
Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген даналық сөзі еш уақытта маңызын жоймайды.Бұл нақыл сөзді мемлекет басшысы «Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ» деп толықтырды. Жалпы, Президент Жолдауы – Қазақстанды жаңа дәуірдің кешенді жаңғырту жолына бастайтын айқын бағдар. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі әрі орнықты дамудың негізгі шарты болатыны сөзсіз. Президенттің жүктеген міндеттерін орындау – Үкімет пен Парламенттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Біз бірлікпен әрекет еткенде ғана Әділетті, Қуатты Қазақстанды табысты қалыптастырып, дамытатын боламыз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады және туған еліне сүйіспеншілікпен қызмет етеді.
№1 жалпы білім беретін мектеп директоры Масанов Нурман Сәрсенұлы