«№1 жалпы білім беретін мектеп»
Ресми интернет-ресурс

«Сириус» таланттар самиті

«Сириус» таланттар самиті

2026 жылғы 17-19 қаңтар аралығында Алматы қаласында “Сириус” таланттар саммиті өтті. «Сириус» мамандарының дәрістері мен шеберлік сабақтары, «Үлкен перспективалар» байқауы жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Сириус» федералдық аумағы кеңесінің төрағасы және «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелева, ғылыми және педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.

Саммит жасанды интеллект және деректерді өңдеу жүйелері, зияткерлік көлік және логистикалық жүйелер, соның ішінде ғарыштық, теңіз және ұшқышсыз технологиялар, жекелендірілген медицина және биотехнологиялар, медициналық робототехника, агроөнеркәсіптік және

биотехнологиялар, зияткерлік өндірістік технологиялар, автоматтандырылған

жүйелер және қауіпсіздік бағытында оқушылардың зерттеушілік жобалау

құзыреттерін дамытуға бағытталды. Саммит бағдарламасы аясында оқушыларға арналған ғылыми-көпшілік дәрістер, «Сириус» жетекші сарапшыларының шеберлік сабақтары, математика және жаратылыстану пәндері педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы да өткізілді. Оқушылар генетикалық және ақпараттық технологиялардың дамуымен танысып, квадрокоптер немесе робот құрастырып, бағдарламалап көрді, мидың жұмыс істеу ерекшеліктерін зерделеп, «Сириус» білім беру орталығының академиялық және индустриялық серіктестерінен ұсынылған жобалық тапсырмалармен жұмыс істеді. Саммит жұмысына Келешек мектептерінің 9-11 сынып оқушылары мен педагогтері қатысты. Саммит жоспарына сәйкес 9-11 сынып оқушылары мен педагогтер «Үлкен сын-қатерлер» бағдарламасы бойынша өз жобаларын қорғап, зерттеушілік шеберліктерін танытты. Мектебіміздің үздік педагогі химия пәні мұғалімі Тоқсанбаева Ақмарал «Жасыл химия» тақырыбындағы жобасында химия ғылымының қоршаған ортаны қорғау саласындағы рөлін талдап көрсетті.

Саммит жұмысына біздің 11-сынып оқушысы Сәрсен Гүлмарс қатысып, «Агроөнеркәсіптік және биотехнологиялар» бағыты бойынша «Гидропоникалық өсімдіктердің ортасын зерттеу» тақырыбында жоба жұмысын қорғады. Оқушымызды жоба қорғау барысында ғылыми-зерттеушілік қабілетін ерекше көрсете білгені үшін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы дипломмен марапаттады. Мектебімізге зор табыспен оралып, мерейімізді жоғарылатқан ұстазымыз Ақмарал Тоқсанбаеваны және жас дарын оқушымыз Сәрсен Гүлмарсты мектеп ұжымы зор ықыласпен қарсы алды.

Халықаралық саммитте терең білімін танытқан талапты шәкірт Сәрсен Гүлмарсқа Отырар ауданының білім бөлімінің басшысы Шербаев Құдайберген Қайыпбекұлы білім жолындағы ізденістеріне табыс тілеп, мектеп оқушыларының ғылым мен білімнің биік белестерін бағындыра беруіне тілек білдірді. Гүлмарстың білім жолындағы жетістіктерін төменгі сыныптағы оқушыларға үлгі ете отырып, педагогтерге осылай ғылым жолына баулуы қажеттігін атап өтті. Мектеп директоры Нұрман Сәрсенұлы мектеп педагогі мен оқушысының халықаралық саммитте топ жарып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова тарапынан арнайы марапатталуы мектеп ұжымына зор серпін беретінін атап өтті.